25 қыркүйекте С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Concordia» театрында QS World University Rankings 2026 сертификаттарын табыстау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға халықаралық QS рейтингтік агенттігінің өкілдері, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер мен оқытушылар қатысты.
Іс-шараның екінші бөлігі Bilim Damu консорциумы мен халықаралық рейтингтік агенттік QS арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға арналды. Бұл қадам отандық жоғары оқу орындарының әлемдік академиялық кеңістіктегі позицияларын нығайтуда маңызды оқиға болды.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті 2021 жылдан бастап QS рейтингтеріне қатысып келеді. Осы уақыт ішінде университет академиялық беделді арттыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және студенттер үшін білім беру ортасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Алғашқы деректерді ұсыну циклі 2022 жылы, рейтинг QS EECA (Emerging Europe & Central Asia) деп аталған кезеңде жүргізілген болатын.
Бүгінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті QS Central Asia рейтингінде 41-орынды және QS Asia рейтингінде 641–660 орындарды иеленіп отыр. Сондай-ақ университет еліміздің жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін Bilim Damu консорциумына мүше болды.
Біздің университет үшін QS рейтингтеріне қатысу – даму стратегиясының басым бағыты әрі жаһандық білім кеңістігіне ықпалдасудың маңызды құралы. Біз білім сапасын арттыру, ғылымды дамыту және халықаралық әріптестікті кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз.
QS WUR коммерциялық директоры Джейсон Ньюман Қазақстан университеттерін жетістіктерімен құттықтап, атап өтті:
«Қазақстан білім беру картасында барған сайын маңызды орынға ие болып келеді. Біз сертификаттарды дәл осы Алматыда табыстағанымызға қуаныштымыз және 2026 жылы КБТУ-да өтетін келесі салтанатты рәсімді асыға күтеміз».
Bilim Damu консорциумының директоры әріптестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Консорциум Қазақстан университеттерінің халықаралық рейтингтердегі позицияларын нығайту мақсатында күш-жігерді біріктіруге арналған алаңға айналды. QS WUR-ге ену – отандық білім мен ғылым сапасының жоғары екендігін мойындау».