Ualikhanov University-дің ғылыми жұмыс және өңірмен өзара әрекеттесу жөніндегі проректоры Жакупова Айгүл және Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының арнайы шақыртуымен университетке профессор Ирина Секерина келіп, дәрістер мен семинарлар өткізді.

Ирина Секерина - Нью-Йорк қалалық университетінің (CUNY) Стейтен-Айленд колледжінің психология профессоры, психолингвистика және эксперименттік лингвистика саласының жетекші маманы. Оның ғылыми бағыты психолингвистика мен когнитивті психологияны, билингвизмді және тілдік процестерді зерттеуді қамтиды.

Сапары барысында профессор тіл мен ойдың өзара байланысын, баланың сөйлеу тілінің дамуын және көптілділік жағдайында тілдік өңдеуді зерттеудің заманауи әдістерімен бөлісті. Сонымен қатар, психолингвистикалық эксперименттерді жоспарлау, деректерді талдау және ғылыми нәтижелерді интерпретациялау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Бұдан бөлек, профессор «Академиялық жазу» курсын өткізді. Курс университеттің оқытушылары, жас ғалымдары және докторанттары үшін арналған, және ғылыми жарияланымдардың құрылымы мен стиліне, мақалаларға қойылатын талаптарға, сондай-ақ Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін журналдарға жариялау стратегияларына арналды.

Профессор Ирина Секерина сонымен қатар Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 1-курс докторанты Г.Ш. Шахманованың шетелдік ғылыми кеңесшісі болып тағайындалды. Бірлескен жұмыс зерттеуді әдістемелік сүйемелдеуге және диссертациялық жұмысты халықаралық ғылыми стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталған.

Халықаралық деңгейдегі жетекші ғалымдардың келуі Ualikhanov University-дің профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және университетте заманауи зерттеу мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Университет халықаралық ғалымдармен өзара іс-қимылды белсенді түрде дамытып, тәжірибе алмасу мен заманауи білім беру және зерттеу практикаларын енгізуді жалғастыра береді.