Облыс әкімі Марат Ахметжанов білім беру саласының өкілдерімен кездесті
Кеше Болашақ Сарайы алаңында маңызды кездесу өтті. Басқосуда Марат Ахметжанов білім саласының өкілдерімен, студенттермен және қоғам мүшелерімен жүздесіп, алдағы референдум қарсаңында ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасын талқылады. Кездесу барысында білім мен ғылымның жаңа Конституцияда мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде айқындалуы ерекше атап өтілді.
Жиында сөз алған Элеонора Далабаева, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті студенті әрі Жастар парламентінің төрайымы, конституциялық өзгерістер заң үстемдігін нығайтып, адам құқықтарын қорғауды күшейтетінін айтты. Оның пікірінше, бұл бастамалар жастардың сапалы білім алып, өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына жаңа жол ашады.
Алдағы 15 наурызда өтетін референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды тарихи кезең. Бұл күн – мемлекет дамуының келесі бағытын айқындайтын жауапты таңдау сәті.