2026 жылғы 12 - 13 ақпанда Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Динара Рыспаева және инновациялар департаментінің басшысы Саягүл Жапарова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыруымен өткен «Жоғары білім мен ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбындағы кеңейтілген алқа отырысына қатысты.

Алқа отырысы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек төрағалығымен өтті.

  • Жиынға жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық серіктестер, ғылыми ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
  • Отырыста Саясат Нұрбек 2025 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындыларын баяндап, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді айқындады. Әсіресе, 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру, цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын енгізу, кадр даярлау сапасын арттыру және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.
  • Өз сөзінде Аида Балаева жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, еңбек нарығының нақты сұраныстарын ескере отырып, «министрлік – жоғары оқу орындары – әкімдіктер» арасындағы жүйелі үшжақты жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді.
  • Сонымен қатар, іс-шара аясында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, нанотехнологиялар, металлургия, тағам өнеркәсібі және өзге де стратегиялық маңызды салалар бойынша инновациялық жобалар мен ғылыми әзірлемелер таныстырылды.

Кеңейтілген алқа отырысы жоғары білім мен ғылым саласындағы алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындап, мемлекет, университеттер және индустрия арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған маңызды кәсіби диалог алаңына айналды.