Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев пен халқаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі Рахымжанов Еркеш...
Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев пен халқаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі Рахымжанов Еркеш наурыз айының 17 - 20 күндері аралығында Бразилия Федеративті Республикасына ресми сапармен барып, маңызды халықаралық іс-шараларға қатысып, ресми құжатқа қол қойды.
Сапар барысында ректор Фос-ду-Игуасу қаласындағы UDC университетінде өткен AIUTA Бас Ассамблеясының 116-отырысына қатысып, «Қазақстандағы Үшінші жас университеттері моделі» тақырыбында баяндама жасап, өмір бойы білім беру және әлеуметтік инклюзия саласындағы ұлттық тәжірибені халықаралық қауымдастыққа ұсынды.
Сапардың басты нәтижесі – AIUTA Басқарушы кеңесінің құрамына сайлануы болды. Бұл университеттің халықаралық басқару құрылымына институционалдық деңгейде енуін және Қазақстанның «Күміс университеттер» бағыты бойынша жаһандық рөлінің нығаюын білдіреді.
Токантинс Федералдық университетінде өткен халықаралық семинарда ректор «Уәлиханов университеті: өңірлік жобадан халықаралық ынтымақтастыққа» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар семинар барысында әлеуметтік инновациялар, ұрпақаралық білім беру және үшінші жастағы адамдарға арналған білім беру модельдері талқыланды.
Сонымен қатар, Токантинс штатындағы Токантинья муниципалитетінде орналасқан Xerente Zé Brito ауылында ерекше халықаралық кездесу өтті. Іс-шара Universidade da Maturidade (UMA) жобасының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып, түрлі елдерден келген қатысушыларды біріктірді. Кездесу байырғы Akwẽ Xerente халқының мәдениетімен танысуға және мәдениетаралық диалогты дамытуға мүмкіндік берді.
Сапар аясында Оңтүстік Америка және Еуропа университеттерімен жаңа ынтымақтастық бағыттары талқыланып, халықаралық бағдарламалар мен бірлескен зерттеулерді дамыту бойынша нақты келіссөздер жүргізілді.
Бұл сапар Ualikhanov University-дің халықаралық беделін нығайтып, өмір бойы білім беру және «Күміс университеттер» бағыты бойынша өңірлік әрі жаһандық көшбасшылықты арттыруға берік негіз қалады.