Рашид Қабдулқалимұлы Мусайбеков – Ualikhanov University университетінде математика пәнінің оқытушысы, академиялық доцент және жаратылыстану ғылымдарының магистрі. Елу жылдан астам еңбек өтілі және математика саласындағы айрықша еңбегі үшін ол жоғары дәрежелі мемлекеттік «Парасат» орденін Президенттің қолынан алды.Сұхбатында профессор математикалық ойлаудың күнделікті өмірде қалай көмектесетінін, қиындықтарды жеңуге және әлемді дұрыс қабылдауға қалай ықпал ететінін бөлісті.
Математиканы өмірлік мамандығыңыз ретінде таңдауыңызға не себеп болды: жүрек қалауы ма, әлде тағдыр таңдауы ма? Мамандық таңдауда сізге кім немесе не әсер етті?Бірінші таңдаған мамандығым – өнеркәсіп қызметкері болу деп үміттенетінмін. Бірінші жылы жоғары оқу орнына түскенде (ол кезде қатаң конкурс болатын) 1 балл ғана жетпей, конкурстан өте алмай, үйге келдім. Мен мектепте өте жақсы бағамен аяқтағанмын.
Отан алдындағы 2 жылдық борышымды атқарып келгеннен кейін әкем кеңес берді: «Мұғалімдікке барсаң қайтеді, балам» - деп. қатысатынмын.
Әкем өзі соғысқа дейін 10 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған, есепке өте жүйрік еді. Мектепте оқып жүргенде көптеген сайыстарға
Онда тағдыр таңдауы деп айтсақ бола ма?
Әрине, осы пікірмен толығынан келісемін. Бұл тағдыр таңдауы, мамандық таңдауда үлкен кісінің ақылын да тыңдаған жөн болады. Ұстаздық мамандыққа жоғарыда айтып өткендей сілтеген әкем болатын.
Математикалық дәлдік пен логика күнделікті өмірде көмектесе ме, әлде кейде кедергі келтіретін кездері бола ма? «Математик болу» мінезіңізге қалай әсер етті? Жас кезімде есепті ойша шығаратынмын, қазір де есепті шығарамын, қиын есеп шықпаған кезде есеп шықпағанша маза таппаймын. Әрине, мамандығым маған ешбір кедергі келтірмейді. Математика мінезіме де, шәкірттеріммен, әріптестеріммен, ата-аналармен жақсы қарым-қатынаста болуға оң әсерін тигізді. Осы қасиет лезде келген жоқ. Ол қасиеттер - сыпайылық, шыдамдылық, әр оқушыны жеке тұлға ретінде есептеу, оның деңгейіне түсу, алдында туындаған проблемаларды түсініп, жеке сұхбаттасу.
Көпшілік үшін математика - сандар мен формулалар ғана. Ал сіз үшін оның мәні неде?
Сандар мен формулалар математикада маңызды орын алатыны белгілі. Бірақ, осы пәнге тереңірек назар аударуымыз керек. Математикалық есептердің (алгебралық, геометриялық болсын) кереметтілігін, күрделілігін, әсемдігін, оларды шешіп, көрсетуіміз қажет. Математика мен үшін поэзия да болады. Сабақтарда ғұлама ғалымдар мен ақындардың өнегелі сөздерін эпиграф ретінде алуға тырысамын. Өзім де ұстаздарға, жастарға, немерелеріме, туыстарыма, достарыма арнап өлең шығарамын. Математика, физика, лирика қатар жүреді деген осыдан шыққан.
Маңызды шешім қабылдағанда, көбіне логикаға жүгінесіз бе әлде ішкі түйсігіңізге (интуицияға) сүйенесіз бе?
Интуиция мен логика қатар жүреді ғой, сондықтан оларға жүгіну сәйкес бір жағдайға байланысты шығар деп ойлаймын.
Ақпарат пен технология тасқыны заманында математикалық ойлау қабілеті қарапайым адамға не үшін қажет?
Математикалық ойлау адам санасында қомақты ақпаратты сақтауға, әртүрлі мәселенің шешімі бар екеніне сенуге, күрделі есептерді шешуге көмегін тигізеді. Сонымен қатар, ақпарат пен технологияны дәріс немесе семинарлық-практикалық сабақта қолдану адамның ойлау қабілетін дамытып, оның тиімділігін арттыруға және жоғары деңгейге жетуіне оң әсерін тигізеді.
Адам өміріндегі «теңдеуді» дұрыс шешу үшін қандай маңызды айнымалылар болуы керек деп есептейсіз?
Математика пәнінің көзқарасы бойынша «теңдеуді шешу» түбірлерін табу, олардың дұрыс немесе бөгде екенін анықтау болып есептеледі. Ал күнделікті өмірде біз бір проблеманы шешу кезінде дұрыс тұжырымдамаға келу деп түсінеміз.
Жарты ғасырлық ұстаздық тәжірибеңізге сүйенсек, бүгінгі жастардың математикаға қызығушылығы бұрынғыдан кем емес пе? Математика әлемі қаншалықты өзгерді?
Қазіргі жастардың арасында пәнге деген қызығушылығын арттыруға, пәннің тереңдігін, маңыздылығын түсінуге қатысты жақсы қасиеттері бар. Бірақ, жалқаушылық танытатындар да кездеседі, соған қарамастан өздерінің білім деңгейіне сәйкес пәнді сүйіспеншілікпен қабылдауға тырысады. Егер бұрын мұғалімдер тек бор, оқулық, дәптер және тақтамен шектелсе, қазір көптеген техникалық оқу құралдары - компьютер, интербелсенді тақта, Интернет ресурстары, теледидар - ұстаздың кәсіби дамуына зор ықпал етеді. Заманауи технологиялар мен озық әдістемелер сабақ өткізу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті, мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оқушыларға білімді қызықты әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.
Жаратылыстану болсын, гуманитарлық сала болсын - нағыз ұстаздың ең басты қасиеті қандай?
Осы салаларды, бағыттарды дұрыс ажырата білу және олардың артықшылығы мен кемшіліктерін оқушыларға мағыналы түрде жеткізу деп түсінемін.
Өмірлік жолын енді ғана іздеп, мамандық таңдап, білімге және жалпы өмірге деген көзқарасын қалыптастырып жүрген студенттер мен жастарға қандай тілек айтар едіңіз?
Қазіргі жастарға тілейтінім: денсаулық біріншіден, пәнге деген құлшыныс, шыдамдылық, жас ұрпақпен ортақ тіл табысу. Әр оқушыны білім нәрімен сусындатып дұрыс, жолға шығару, қоғамның белсенді мүшесі болуына мүмкіндік жасау, қол ұшын созу.