Бүгін Ualikhanov University басқарма төрағасы - ректоры Марат Қадірұлы Сырлыбаев университеттің 2024–2025 оқу жылындағы қызметінің қорытындысы бойынша есеп берді.

Ualikhanov University ректорының ұжым және қоғам өкілдерімен дәстүрлі есептік кездесуі өтті. Өз сөзінде ректор өткен оқу жылы университет үшін нақты жетістіктер мен серпінді дамуға толы кезең болғанын атап өтті. Өткен жыл университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, қаржылық тұрақтылығын нығайтқан маңызды кезең болды.

Ғылым және нәтижелер

Ualikhanov University жалпы сомасы 4,6 млрд теңге болатын 33 ғылыми жобаны жүзеге асырды, 3 млрд теңгеге арналған Министрліктің ғылыми-техникалық бағдарламасын жеңіп алды, сондай-ақ ERASMUS+ DIANA халықаралық жобасының грант иегері атанды.

Университет ғалымдары халықаралық басылымдарда 190-нан астам мақала жариялап, 46 авторлық куәлік пен 9 патент алды. Бұл нәтижелер Ualikhanov University еліміздің жетекші ғылыми орталықтарының бірі ретінде сенімді орнын нығайтқанын дәлелдейді.

Академиялық жетістіктер

Ualikhanov University әлемдік рейтингтерде жоғары нәтижелер көрсетті. Алғаш рет университет THE Impact Ranking рейтингінде тұрақты даму мақсаттары (ТДМ 10) бойынша Қазақстанда 1-орын иеленіп, QS Asia рейтингінде 40 позицияға жоғары көтерілді.

Цифрландыру және инновациялық жобалар

«Цифрландыру жылы» аясында Ualikhanov University білім беру процесіне жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізді. AI SANA ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл бағдарлама аясында 8000 студент жасанды интеллект бойынша оқыту курстарынан өтті.

Сонымен қатар, 173 оқытушы Колумбия университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (МУИТ), сондай-ақ Google және Coursera платформаларында жасанды интеллект бойынша курстарды аяқтады.

Студенттерді, оқытушылар мен талапкерлерді қолдауға арналған жасанды интеллект агенттері әзірленді: чат-боттар, онлайн-кеңесшілер және SMS-хабарлама жүйесі.

Инфрақұрылым

Студенттер үшін жайлы жағдай жасау – университеттің басты міндеттерінің бірі. Университет қаржысы есебінен 500 орынға арналған екі заманауи жатақхана салынды және пайдалануға берілді. Олардың қауіпсіз әрі қолайлы инфрақұрылымы студенттердің барлық қажеттіліктеріне толық сай келеді.

Университеттің әлеуметтік миссиясы

Ualikhanov University үздіксіз білім беру (Life Long Learning) тұжырымдамасын белсенді дамытып келеді. Бағдарлама мектепке дейінгі жастағылардан бастап, «Күміс университеті» тыңдаушыларына дейінгі барлық буынды қамтиды. Университет Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Күміс университетін ашып, елдің 11 жетекші жоғары оқу орнын біріктірген Қазақстанның Күміс университеттер қауымдастығының (ҚАСУ) құрылуына бастамашы болды.

Студенттердің жетістіктері

Ректор республикалық және халықаралық олимпиадаларда, байқаулар мен ғылыми конференцияларда жоғары нәтижелерге жеткен студенттердің белсенділігін атап өтті. Ualikhanov University студенттік және жастар саясаты ғылымнан бастап шығармашылық пен спортқа дейін барлық бағытта белсенділік пен табыстылықтың жоғары деңгейін көрсетіп келеді.

Сөзін қорытындылай келе, ректор университеттің басты құндылығы - адами капитал екенін ерекше атап өтті. Ол университет ұжымының бұл жетістіктерге жету жолында қосқан үлесі мен зор еңбегі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ университет серіктестеріне қолдау мен сенім артқаны үшін ризашылығын жеткізді. Ualikhanov University білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту және университеттің беделін аймақтың жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде нығайту бағытын одан әрі жалғастыратыныт атап өтті.

Республика күні қарсаңында Ualikhanov University профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлестері үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің төс белгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Құрмет дипломдарымен, Алғыс хаттарымен, сондай-ақ Ректордың Алғыс хаттарымен марапатталды.