Ualikhanov University ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаев Шецин мемлекеттік университетінің академиялық істер жөніндегі проректоры, профессор Рената Подгужаньска (Renata Podgórzańska) және Азия Ғылыми Конгресінің төрайымы, жыл сайынғы «Kongres Azii naukowy» Еуропалық халықаралық конференцияның президенті, Торунь қаласындағы Николай Коперник атындағы университеттің профессоры Йоанна Маршалэк-Кавамен (Joanna Marszałek-Kawa) кездесу өткізді.
Кездесуге сондай-ақ, Ualikhanov University құрметті профессоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрлігінің ізгі ниет елшісі профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров қатысты.
Келіссөздер барысында ғылыми ынтымақтастық перспективалары, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің халықаралық конференцияларға қатысу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Шецин мемлекеттік университеті мен Ualikhanov University арасындағы ынтымақтастық жөніндегі ниет меморандумына қол қойылды.
Ualikhanov University шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыстарды нығайта отырып, академиялық және зерттеу әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауды жалғастыруда.