2025 жылғы 25 қарашада Ualikhanov University ғалымдар тобы аға буын өкілдеріне арналған «Когнитивтік функцияларды дамыту» атты жаңа білім беру бағдарламасын қазақстандық аудиторияға таныстырды.

Онлайн конференцияға ардагерлер ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік қызметтердің мамандары, сондай-ақ Ақмола облысының аудандары мен қалаларының тұрғындары қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақтандық Күміс университеттер қауымдастығына мүше оқу орындарының тыңдаушылары мен жетекшілері болды. Сондай –ақ, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ өкілдері қатысты.

Шараның спикері - Гүлмира Ракишева, PhD докторы, қауымдастырылған профессор, бағдарламаны әзірлеушілер тобының жетекшісі. Ол курстың қалай пайда болғаны, қандай ғылыми тәсілдерге сүйенгені және когнитивтік функцияларды дамыту маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Гүлмира Ракишева университетте үшінші жас өкілдерінің қазіргі қоғамға қайта интеграциялануының психологиялық аспектілерін зерттеуге бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қатысушылар бағдарлама бойынша алынатын практикалық дағдылар, оның қолданылу мүмкіндіктері және оқу нәтижелері туралы толық ақпарат алды.

Презентация барысында Ualikhanov University және Satbayev University ғалымдары Күміс университеттер бағдарламаларының мазмұнын кеңейту және жаңа бағыттағы бастамаларды дамыту жөнінде келісімге келді.

Кездесу соңында қатысушыларға «Когнитивтік функцияларды дамыту» курсін Қазақстан ЖОО-ларындағы Күміс университеттердің білім беру бағдарламаларының қатарына енгізу бағытында серіктестік орнату ұсынылды.

Сондай -ақ, Ualikhanov University Ақмола облысының аудан және қала тұрғындары үшін осы курсты өткізуге өтінімдер қабылдауға дайын екенін хабарлайды.