Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Қазақстан азаматтары үшін бейресми білім беру бағдарламаларын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Университет бұл бағытты өзінің үшінші миссиясының - әлеуметтік жауапкершілік пен қоғам дамуына үлес қосудың маңызды бөлігі ретінде қарастырады.

Негізгі бағыттардың бірі – Күміс университет қызметі. Бұл жоба 55 жастан асқан азаматтарға арналған және аға буын өкілдерінің үздіксіз дамуына, білімдерін жаңартуына мүмкіндік береді. Оқу бағдарламалары икемді әрі практикалық бағытта құрылып, тыңдаушылардың жеке білім беру қажеттіліктері мен қазіргі қоғам талаптарын ескере отырып, цифрлық, әлеуметтік және тұлғалық құзыреттерін дамытуға бағытталған.

2026-2027 оқу жылында Көкшетау қаласының тұрғындары үшін 24 білім беру курсы ұсынылады. Бағдарламалар тізімі тыңдаушылардың қызығушылықтары мен сұраныстарына сәйкес жыл сайын жаңартылып отырады.

Оқуға қабылдану үшін университет ректорының атына өтініш жазып, келісімшарт жасау қажет. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 15 мамыр мен 20 тамыз аралығында жүргізіледі. Оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйектен 2027 жылғы 20 мамырға дейін жалғасып, екі семестрді қамтиды.

Білім беру курстарынан бөлек, тыңдаушылар үшін шеберлік сабақтары, қызығушылықтары бойынша клубтар, сондай-ақ Қазақстан бойынша және шетелге білім беру және мәдени-танымдық сапарлар ұйымдастырылады.

Университет бейресми білім беру бағдарламаларын дамыту бағытында ұйымдармен, кәсіпорындармен және әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастыққа ашық, сондай-ақ аға буын өкілдерін білім алуға белсенді түрде шақырады.