Елордамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Волонтерлер форумына Ualikhanov University студенттері қатысты. өкілдік етті.

Атап айтқанда, Агротехникалық институтының 4-курс студенті, «Мейірім» волонтерлік ұйымының қалаушыларының бірі Муталлабова Жібек Абдуллақызы және Педагогикалық институттың 2-курс студенті, «Феникс» волонтерлік орталығы жетекшісінің орынбасары Кажмуратова Наталья Нугурбековна маңызды басқосуда университет атынан өкілдік етті.

Бұл форум студенттеріміз үшін нағыз тарихи сәтке айналды, себебі оның маңызы биыл ерекше. 2026 жыл - Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті БҰҰ-ның 75-сессиясында ұсынған болатын. Еліміздің ұсынысы жаһандық деңгейде қолдау тауып, биыл бүкіл әлем еріктілердің еңбегін ұлықтауда.

Форум барысында Президент өз сөзінде еріктілерді ел дамуына үлес қосып жүрген жауапты әрі жасампаз отаншыл азаматтар деп атап, волонтерлік қозғалыстың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ еріктілердің экология, білім, әлеуметтік қолдау және азаматтық жауапкершілікті нығайтудағы рөліне кеңінен тоқталды.

Халықаралық еріктілер жылының жариялануы бұл бағыттағы жұмыстың өзектілігін одан әрі арттыра түсті.

Бүгінде Ualikhanov University қабырғасында волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамуда.

Аталған «Мейірім» мен «Феникс» волонтерлік ұйымдарынан бөлек, Жоғары медициналық мектепте «Қазақстан медицина жастары», Педагогикалық институтта «Альфа», сондай-ақ жаңадан құрылған «Қамқор» волонтерлік ұйымдары белсенді қызмет атқаруда.

Президент атап өткендей, еріктілік – бұл тек көмек көрсету ғана емес, қоғамға үлгі болу, елге адал қызмет ету. Осы бағытта университет студенттері жоғары белсенділік танытып, тек университет деңгейінде ғана емес, Ақмола облысының әлеуметтік маңызы бар бастамаларына да тұрақты түрде үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, волонтерлік — Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.

Біз студенттеріміздің азаматтық ұстанымы мен игі істерін мақтан тұтамыз! Игі істеріңіз еселене берсін!