2025 жылғы 24 қыркүйекте Ualikhanov University алаңында студенттік парламент өкілдерінің, студенттік ұйым көшбасшыларының, белсенді, спортшы студенттердің, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқып жүрген және шетелдік студенттердің, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
«Ualikhanov University - Ақмола облысындағы цифрлық трансформация мен инновациялардың драйвері» тақырыбындағы дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі тезистерге арналды.
Талқылаудың негізгі бағыттары білім беру саласына және қоғамдық өмірге цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу болды. Қатысушылар университеттің цифрлық құзыреттерді дамытудағы, өңірлік стартаптарды қолдаудағы рөлі мен жасанды интеллектіні оқу және зерттеу қызметінде қолдану перспективалары туралы пікір алмасты.
Интернационалдандыру және цифрландыру жөніндегі проректор Сагындкова Жайлагүл Ораловна баяндама жасап, студенттер мен оқытушылардың цифрлық және жасанды интеллект дағдыларын дамытуға бағытталған ұлттық бастама - «Ai-Sana» жобасы туралы айтты. Бүгінгі таңда 7 мыңнан астам студент пен қызметкер Astana Hub және Huawei платформаларында жасанды интеллект негіздері бойынша базалық курстардан өтті.Университетте сондай-ақ жасанды интеллект негіздері, машиналық оқыту және цифрлық дағдылар бойынша курстар жүзеге асырылуда, бұдан бөлек, бес жасанды интеллект агентін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Aqmola Hub (Astana Hub филиалы) директоры Айбашпанов Диан Мұратұлы сөз сөйледі. Ол Astana Hub базасындағы IT-жобалар мен стартаптарды таныстырып, студенттерді бірлесіп инновациялық шешімдер әзірлеуге шақырды. Сондай-ақ, Aqmola Hub пен Ualikhanov University арасындағы тығыз және өнімді ынтымақтастыққа назар аударды.
Ualikhanov University өңірдегі стартап-жобаларды қолдай отырып, «Ai-Sana» бағдарламасын облыс аумағында жүзеге асырып, университеттер, колледждер мен мектеп оқушылары үшін цифрлық және жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыратын Ақмола облысының негізгі жоғары оқу орны болып табылады.
Ualikhanov University білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні интеграциялауға айрықша көңіл бөліп, Ақмола облысының цифрлық экожүйесін қалыптастыратын жетекші білім беру және ғылыми орталық ретіндегі позициясын нығайтып отыр.