Дүниежүзілік инклюзия күніне орай Ualikhanov University-де инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік ғылыми-зерттеу зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Аталған зертхана университет пен өңірде кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыру және инклюзия мәдениетін дамыту ісінде маңызды қадам болды.

Іс-шараға Ақмола облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация басшысы - Алхатова Т.С., Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры - Мұсылманбек Е.С., «Шанс» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - Шиманский В.Л., ерекше білім беру қажеттіліктері мен аутизмі бар балаларды қолдау жөніндегі «Мен өзім жүремін» қоғамдық қорының жетекшісі - Камелинова Г.Т. қатысты.

Зертхананың негізгі мақсаты - ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды қолдауға бағытталған ғылыми зерттеулерді, практикалық бастамаларды және серіктестік жобаларды біріктіру, сондай-ақ педагогтарды, мамандарды және жұмыс берушілерді инклюзивті ортада тиімді жұмыс істеуге дайындау болып табылады.

Зертхана қызметі инклюзивті білім беру мен нейроәртүрлілік саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізуге, педагогтар мен мамандарға арналған әдістемелік материалдар мен практикалық ұсынымдар әзірлеуге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолдау мен кеңес беру жұмысына, сондай-ақ ерекше жағдайларды қажет ететін түлектердің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге бағытталған.

Ualikhanov University көптеген жылдар бойы инклюзивті білім беру бағытын жүйелі түрде дамытып келеді. 2012 жылдан бастап университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарды даярлауға атсалысып келеді.

Университеттің барлық ғимараттарында арнайы жабдықталған инклюзивті қолдау кабинеттері жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылдары барлық оқытушылар университет жағдайында инклюзия мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Ғылыми-зерттеу зертханасы аймақтық қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде «Мен өзім жүремін» қоғамдық қоры, «Шанс» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы, сондай-ақ «Бірлік» Ақмола облысы мүгедектігі бар адамдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі және басқа да серіктестермен ынтымақтастық орнатып, инклюзивті білім беруді жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Зертхананың ашылуы әр адамның ерекшеліктеріне қарамастан, оқуға, еңбек етуге және өз әлеуетін іске асыруға тең мүмкіндік беретін шынайы инклюзивті қоғам құру жолындағы Ualikhanov University-дің маңызды үлесі болды.