Ualikhanov University 2026 жылғы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингінде ТОП-10 қатарына енді. Университеттің бірқатар білім беру бағдарламалары Қазақстан Республикасындағы үздік білім беру бағдарламаларының қатарына еніп, мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін көрсетті.
«Атамекен» ҰКП ұлттық рейтингі еліміздегі жоғары білім беру сапасын бағалайтын негізгі құралдардың бірі болып табылады. Рейтингті қалыптастыру барысында білім беру бағдарламаларының мазмұны мен өзектілігі, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі, кәсіби даярлығы, еңбек нарығы талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ жұмыс берушілер мен сала сарапшыларының бағалауы ескеріледі.
Ualikhanov University-дің «Атамекен» рейтингіндегі жоғары нәтижелері университеттің білім беру бағдарламаларын дамыту бағытында жүргізіп отырған жүйелі жұмысының тиімділігін дәлелдейді. Университет оқу жоспарларын тұрақты түрде жаңартып, заманауи білім беру технологияларын, практикалық бағыттағы тәсілдерді және кәсіби орта талаптарын оқу үдерісіне енгізіп келеді.
Ualikhanov University бәсекеге қабілетті, заманауи сын-қатерлерге бейімделе алатын және кәсіби қызметте өзін табысты жүзеге асыра алатын мамандарды даярлауға бағытталған. Университет түлектері таңдаған мамандықтары бойынша практикалық жұмысқа дайын екенін және еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетіп келеді.
Университеттің білім беру бағдарламаларының «Атамекен» ұлттық рейтингінің ТОП-10 қатарына енуі Ualikhanov University-дің білім сапасын арттыруға, академиялық әлеуетін дамытуға және ұлттық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтуға бағытталған стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді.