«Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Жоғары бизнес және құқық мектебі Ақмола облысы прокуратурасымен, уәкілетті мемлекеттік органдарымен, нотариат палатасымен, адвокаттар алқасымен және жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп шетелдік студенттерге арналған құқықтық түсіндіру акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты - шетелдік студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру және құқықтық мәселелерді шешуге практикалық көмек көрсету. Акцияға 200-ден астам Жоғары медицина мектебінің шетелдік студенттері қатысты. Қатысушылар әлеуметтік қорғау, виза режимі, білім беру, тұрғын үй мәселелері, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік құқық салаларында тегін кеңестер алды.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары студенттермен алаяқтықтың алдын алу тақырыбында әңгіме жүргізіп, ең көп кездесетін алаяқтық әрекеттер үлгілері мен құқыққа қарсы схемалардан қалай қорғануға болатынын түсіндірді. Студенттер акцияны оң қабылдап, оның практикалық маңыздылығын және қолжетімділігін атап өтті. Мұндай іс-шаралар құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, сенімді нығайтуға және университетте қауіпсіз оқу ортасын құруға ықпал етеді.
Ualikhanov University шетелдік студенттерге қолдау көрсетіп, олардың университеттегі академиялық ортада және Көкшетау қаласындағы өміріне тиімді бейімделуіне жағдай жасап келеді.