АP 19574645 “Қазіргі қазақ айтысының типологиясы мен поэтикасы” тақырыбындағы ғылыми жобаның жоспары бойынша ағымдағы жылдың 12-20 сәуір аралығында Қостанай қаласына іссапармен бардым. Ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Тлеубердина Гүлден Тоқатқызының жетекшілігімен іске асырылып жатқан жоба тақырыбын тереңдете зерттеу мақсатында облыстық, қалалық кітапхана қорларынан және облыстық архив фондынан материал база жинақталды.

Жұмыс барысында Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында, Н.Островский атындағы Қостанай қалалық кітапханасында, Қостанай қаласындағы А.С.Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында және Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Кітапханалар қорынан жергілікті айтыс ақындары Әсия Беркенова, Әлпия Орманшина, Әбіл Қонысбай, Айбек Қалиев жайлы тың мәліметтер жинақталды. Қазіргі айтыстың зерттелуі, айтыс поэтикасы тақырыптарына жазылған ғылыми мақала, мерзімдік басылымдарда жарық көрген мақалалар, кітаптар мен қолжазабалар базасындағы материалдармен жұмыс жасалынды.

Жалпы 50-ден астам электронды деректер және тақырыпқа қатысты сканерленген мерзімді баспасөз материалдары жоба тақырыбын талдауға пайдаланылатын болады. Сондай-ақ Қостанай облысының мемлекеттік мұрағат фондынан Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі, Қостанай өңірінде Халық ақыны атағын алған дүлдүл ақын Әсия Әйіпқызы Беркенованың өмірі мен шығармашылығына қатысты ақпараттар, ақын жайлы әріптестерінен, шәкірттері мен қатарластарынан жазылған мақалалар қарастырылды.

Іссапар соңында 19 cәуір күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қазақстанның жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы- адами капитал мен инновациялардың өсуінің негізі» тақырыбындағы «Байтұрсынұлы оқулары – 2024» дәстүрлі Халықаралық ғылыми – практикалық конференциясына қатыстым. Конференцияда " ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ АЙТЫСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ҚЫРЛАРЫ (Ақын Айбек Қалиев айтыстары негізінде)" тақырыбында баяндама жасадым.