14 - 15 қыркүйек күндері Ualikhanov University-де «Нейропсихологиялық (мінез-құлықтық) тесттерді диагностикалау және интерпретациялау» тақырыбында оқыту семинары өтті. Семинарды PhD, Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университеті Тіл және ми орталығы директорының орынбасары Светлана Малютина жүргізді.

Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлері, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты. Оқыту барысында нейропсихологиялық тестілеуді жүргізу және оның нәтижелерін интерпретациялау әдістері, зерттеудің этикалық аспектілері, сондай-ақ егде жастағы респонденттермен жұмыс істеу ерекшеліктері қарастырылды.

Бағдарлама аясында Светлана Малютина егде жастағы адамдардың когнитивтік функцияларын зерттеуге арналған дәріс өткізді. Практикалық бөлімде сарапшы тестілеудің толық циклін көрсетіп, қатысушылар жұппен жұмыс істеу барысында бланкілерді толтыру және нәтижелерді хаттамаға енгізу тәртібін тәжірибе жүзінде пысықтады.

Семинардың екінші күні қатысушылар бағалау нәтижелерін өзара салыстыру, шекаралық жауаптарды интерпретациялау кезінде субъективтілікті азайту, нәтижелерді электрондық деректер базасына енгізу, сондай-ақ деректер сапасын бақылау және бастапқы валидациялау бағыттары бойынша практикалық жұмыс жүргізді.

Сапар аясында Светлана Малютина университет басшылығымен кездесті. Кездесу барысында семинардың күтілетін нәтижелерімен қатар, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту және алдағы уақытта бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері талқыланды.

Ualikhanov University шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясын жүйелі түрде кеңейтіп, білім беру және ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға халықаралық сарапшылар мен профессорларды тартып келеді. Мұндай өзара байланыс кәсіби және ғылыми тәжірибе алмасуға, заманауи зерттеу тәсілдерін меңгеруге, оқытушылар мен жас ғалымдардың құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ университеттің халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.