Ualikhanov University оқытушылары Erasmus+ KA1 Credit Mobility бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтті.
2026 жылғы 20–24 сәуір аралығында Ualikhanov University оқытушылары — жалпы тіл білімі және әдебиет кафедрасының ассистент-профессоры Сапаш Шынар және ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының сеньор-лекторы Татьяна Заяц — Словакияның Кошице қаласындағы Павол Йозеф Шафарик атындағы университетте халықаралық тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама Erasmus+ Mobility Staff Training 2025/2026 бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Қабылдаушы тарап Философия факультетінің Британ және американ зерттеулері кафедрасы болды.
Тағылымдама барысында оқытушылар оқу үдерісін ұйымдастыру және филологиялық пәндерді оқытудың еуропалық әдістемелерімен танысты. Тренингтер барысында лингвистика және шетел тілдерін оқыту әдістемесі саласындағы инновациялық тәсілдер қарастырылды. Университеттер арасындағы бірлескен білім беру және ғылыми жобалардың перспективаларын талқылау үшін шетелдік әріптестермен кездесулер өткізілді.
Бұл сапар Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық байланыстарды нығайтуға және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға ықпал етті.