Ualikhanov University-де Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Болашақ прокурорлар кеңістігі» тақырыбында кездесу өтті. Ақмола облысының прокуратурасы ұйымдастырған іс-шараға университеттің Құқық кафедрасының студенттері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Сағынғанқызы Рахметуллина және прокуратура саласының ардагері Гүлмира Ехсановна Аубакирова қатысты.

Кездесу болашақ заңгерлерді прокуратура органдарының қызметімен таныстыруға, кәсіби бағыт-бағдар беруге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға арналды. Студенттер прокурор мамандығының ерекшеліктері, қызметке қабылдау тәртібі және үміткерлерге қойылатын талаптар туралы ақпарат алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатына бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдырамыз».

Осы тұрғыдан алғанда, прокуратура өкілдерімен кездесу студенттердің заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және кәсіби жауапкершілік туралы түсінігін тереңдетуге мүмкіндік берді. Болашақ мамандар үшін құқықтық білімді тәжірибемен ұштастыру, заң талаптарын сақтау мен қызметтік міндетке адал қараудың маңызын түсіну кәсіби даярлықтың маңызды бөлігі саналады.

Кездесу барысында прокуратура саласының ардагері Гүлмира Ехсановна Аубакирова жастармен өмірлік және кәсіби тәжірибесін бөлісіп, бағыт-бағдар берді. Тәжірибелі маманмен жүздесу студенттерге прокурор қызметінің жауапкершілігін тереңірек түсінуге және таңдаған мамандығына қатысты білімін толықтыруға жол ашты.

Бастаманың негізгі мақсаты – оқытушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлері мен университет түлектерінің өмірлік әрі кәсіби тәжірибесін жастарға жеткізу, олардың кәсіби дамуына ықпал ету. Мұндай өзара байланыс студенттердің болашақ қызмет бағытын саналы түрде айқындауына және кәсіби ұстанымдарын қалыптастыруына көмектеседі.

Кездесу университет пен прокуратура арасындағы байланысты нығайтып, болашақ заңгерлердің құқықтық мәдениетін арттыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын кәсіби қызметінің негізі ретінде қабылдауына ықпал етті.