15 қазанда Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев Астана қаласындағы Qazaq AI Research University (QAIRU) алаңында өткен Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған форумға қатысты.

Форум Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, жаңа бастамаларды қарастыру және университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, жоғары білім мен ғылым саласын дамытудың негізгі басымдықтарына тоқталды.

Жиында университеттердің цифрлық трансформациясы, AI SANA ұлттық бастамасын жүзеге асыру, жасанды интеллектіні білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект дәуіріндегі университеттің жаңа моделін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеу форматын жетілдіру, білім сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.

Студенттер үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, жастардың бастамаларын қолдауға, студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға және жоғары оқу орындарының ғылыми-инновациялық әлеуетін нығайтуға ерекше назар аударылды.

Форум еліміздің жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамаларды талқылауға және университеттердің алдағы даму басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берді.