2026 жылғы 18 - 19 қарашада Астанада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен ғылым және жоғары білім саласындағы III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтті. Форумға Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев пен университет проректорлары қатысты.

Халықаралық басқосуға қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми және халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналды. Форумның негізгі тақырыбы - инновациялар, білім сапасы және жаһандық әріптестік арқылы жоғары білім беру жүйесін жаңғырту.

Форумның алғашқы күнінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, еліміздің жоғары білім мен ғылым саласын дамытудың негізгі басымдықтарына тоқталды.

Бағдарлама аясында халықаралық академиялық ынтымақтастық, трансұлттық білім беру, бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос дипломды жобаларды дамыту, академиялық ұтқырлық және университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Жоғары білім беру жүйесін цифрлық трансформациялауға да ерекше назар аударылды. Coursera Future Talks алаңында халықаралық білім беру платформасының өкілдері мен академиялық қауымдастық цифрлық оқытудың мүмкіндіктерін, жаңа құзыреттерді қалыптастыру және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай мамандар даярлау мәселелерін қарастырды.

19 қарашада форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырыспен жалғасты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ғылым мен жоғары білімді дамытудың басым бағыттарын айқындап, жаһандық бәсекелестік жағдайында зияткерлік әлеуеттің, сапалы білім мен инновациялардың маңызын атап өтті. Қазақстанның халықаралық академиялық орталық ретіндегі орнын нығайту, шетелдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Форум барысында жасанды интеллектіні енгізу, қолданбалы ғылымды дамыту, университеттердің өнеркәсіп және бизнес өкілдерімен өзара байланысын нығайту мәселелері де талқыланды. Маңызды оқиғалардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды.

Форумда көтерілген басым бағыттар Ualikhanov University-дің стратегиялық даму міндеттерімен тығыз байланысты. Атап айтқанда, білім беруді интернационалдандыру, цифрлық трансформация, мамандар даярлау сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті нығайту университет қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып саналады.

Университет халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтіп, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытып, шетелдік студенттерді тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар білім беру мен ғылыми қызметке жасанды интеллект технологияларын енгізуге, зерттеу бастамалары мен студенттік стартаптарды қолдауға басымдық берілуде.

Ualikhanov University басшылығының халықаралық форумға қатысуы жоғары білім беруді дамытудың заманауи тәсілдерімен танысуға, академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың келешегін талқылауға мүмкіндік берді.

Университет алдағы уақытта да ғылымды дамыту, заманауи білім беру технологияларын енгізу және халықаралық әріптестік байланыстарды нығайту бағытындағы жұмысын жалғастырады.