Ualikhanov University мен Көкшетау қаласындағы №20 мектеп-гимназиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қайыржанұлы Қапышев пен №20 мектеп-гимназиясының директоры Манаргүл Тоқан қол қойды.

Меморандум университет пен мектеп арасындағы серіктестікті нығайтуға, болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және білім беру саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Сондай-ақ университеттің Мансап және жұмыспен қамту орталығымен бірлескен кездесу өтіп, оған орталық басшысы Саян Әбдікәрімқызы Балпанова қатысты. Кездесу барысында студенттердің мектеп базасында кәсіби практикадан өтуі, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, педагогтермен тәжірибе алмасу және оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, бірлескен жұмысты дамыту жөнінде пікір алмасты.

№20 мектеп-гимназиясы - «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып, 2025 жылы ашылған заманауи білім беру ұйымы. Бүгінде мұнда 1300 оқушы бір ауысымда білім алады. Мектепте тілдерді оқытуға және қосымша білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Айта кетерлігі, мектеп педагогтерінің 70%-ы - Ualikhanov University түлектері. Бұл университет түлектерінің өңірдегі білім беру жүйесінің дамуына қосып отырған үлесін көрсетеді.

Жаңа серіктестік студенттердің кәсіби тәжірибе жинақтауына, педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға және жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне қосымша мүмкіндіктер ашады.