2026 жылғы 4 тамызда онлайн форматта STEM-білім беру саласындағы көшбасшыларды даярлауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жетекші білім беру және ғылыми ұйымдарын біріктірген Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Ualikhanov University аталған халықаралық әріптестікке National Institute of Development Administration (NIDA, Таиланд), SEAMEO STEM-ED, SEAMEO INNOTECH, SEAMEO RECSAM, SEAMEO SEAMOLEC өңірлік орталықтары, Caravan of Knowledge корпоративтік қоры (Қазақстан), сондай-ақ Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірқатар жоғары оқу орындарымен бірге қатысушы ретінде қосылды.

Меморандумның негізгі мақсаты – Regional Joint Leadership Diploma Programme in STEM Education Leadership өңірлік дипломдық бағдарламасын бірлесіп әзірлеу және іске асыру. Бағдарлама STEM-білім беру саласындағы көшбасшыларды даярлауға бағытталған.

Құжат аясында:

  • бірлескен білім беру бағдарламалары мен дипломдық курстарды әзірлеу;
  • жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамыту;
  • бірлескен ғылыми зерттеулер мен халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру;
  • білім беру ұйымдарының басшыларының, оқытушылардың және білім беру саясатын әзірлеуші мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру;
  • STEM-білім беру саласында халықаралық сапа стандарттары мен инновациялық тәсілдерді ілгерілету көзделген.

Аталған жобаға қатысу Ualikhanov University үшін халықаралық академиялық әріптестікті кеңейтуге, бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыруға, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін арттыруға және STEM-білім беру саласындағы заманауи көшбасшыларды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бұл әріптестік университеттің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ықпалын кеңейтіп, әлемдік тәжірибеге негізделген инновациялық білім беру бастамаларын бірлесіп жүзеге асыруға және STEM-білім беруді дамытуға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.