Ualikhanov University мен Хорватия Республикасындағы Загреб университетінің Аграрлық факультеті білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев пен Загреб университеті Аграрлық факультетінің деканы Александар Мешич (Aleksandar Mešić) қол қойды.
Загреб университеті - Хорватияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі, халықаралық академиялық кеңістікте өзіндік орны бар беделді университет. Жаңа серіктестік бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және екі университет арасындағы академиялық байланысты нығайтуға жол ашады.
Келісім аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу, академиялық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, оқытушылардың тағылымдамадан өтуі және ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру көзделген. Сонымен қатар магистрлік және докторлық диссертацияларды дайындауға ғылыми кеңес беру, дәрістер, шеберлік сабақтары, конференциялар мен семинарлар өткізу, бірлескен білім беру жобаларын әзірлеу және халықаралық гранттық конкурстарға өтінімдер ұсыну жоспарланған.
Загреб университетімен орнатылған серіктестік Ualikhanov University-дің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, ғылыми әлеуетін арттыруға және оқытушылар мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.