2026 жылғы 20 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан университеттеріндегі эндаумент-қорлар жүйесін дамытуға бағытталған Erasmus+ бағдарламасының «Development of Endowment Funds in Universities of Kazakhstan» (UNIFUND) халықаралық жобасының алғашқы ұйымдастыру кездесуі (Kick-off Meeting) өтті.

2026 жылғы қазаннан 2029 жылғы қыркүйекке дейін жүзеге асырылатын жобаға 10 ұйым, оның ішінде Италия мен Болгарияның екі университеті қатысады. Жобаның үйлестірушісі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

Кездесуге жобаға серіктес ұйымдардың өкілдері офлайн және онлайн форматта қатысты. Сондай-ақ жиынға Қазақстандағы Erasmus+ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Лаура Палуанова қатысты.

Ualikhanov University жобаны жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Университет жобаның алтыншы жұмыс пакетін (WP6) үйлестіруге жауапты. Бұл бағыт жоба туралы ақпарат пен оның нәтижелерін кеңінен таратуға, серіктестер арасындағы коммуникацияны дамытуға және UNIFUND жобасының ұлттық әрі халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз етуге арналған.

Кездесу барысында Ualikhanov University UNIFUND жобасының нәтижелерін тарату жоспарын (Dissemination Plan) таныстырды. Жоспардың негізгі бағыттары мен алдағы міндеттерді университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қайыржанұлы Қапышев таныстырып, серіктестер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктеріне тоқталды.

UNIFUND жобасына қатысу Ualikhanov University үшін ерекше маңызға ие. Қазіргі уақытта университет өзінің эндаумент-қорын тіркеу бағытында жұмыс жүргізуде. Халықаралық жоба еуропалық университеттердің эндаумент-қорларды басқару тәжірибесін зерделеуге, қайырымдылық мәдениетін дамытуға және білім беру мен ғылыми бастамаларды қолдау үшін бюджеттен тыс қаражат тартудың тиімді тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру жоғары білім беруді қаржыландырудың тұрақты үлгілерін дамытуға және Қазақстан мен Еуропа университеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.