Ualikhanov University-де Times Higher Education ұйымының бас кеңесшісі Эми Росс қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Сапар барысында университет басшылығымен, жоғары мектептер мен институт директорларымен, сондай-ақ стратегиялық даму, халықаралық жобалар, ғылым, академиялық даму және білім беру бағдарламаларына жауапты қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Кездесу аясында фокус-топтар мен презентациялар өткізіліп, талқылау мен талдау жүргізуге арналған тиімді алаң қалыптасты.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты - қолда бар деректер негізінде университеттің халықаралық рейтингтердегі ықтимал позициясын модельдеу және алдағы даму мен өсу бағыттарын стратегиялық тұрғыда айқындау болды. Бұл үдеріс университет қызметіне жан-жақты, деректерге негізделген талдау жүргізуге және оның көрсеткіштерін әлемнің жетекші университеттерімен салыстыруға мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда Ualikhanov University THE Impact Rankings рейтингісіне еніп, әлем университеттері арасында 1001-1500 орын аралығында орналасқан. Сонымен қатар университет тұрақты даму мақсаттары бойынша бірқатар бағыттарда жоғары нәтижелер көрсетуде:

ТДМ 4 - Сапалы білім: әлемде 201-300 орын және Қазақстан бойынша 2-орын

ТДМ 10 - Теңсіздікті азайту: әлемде 201-300 орын және Қазақстан университеттері арасында 1-орын

Ualikhanov University ғылыми әлеуетті дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және академиялық беделді арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Университеттің стратегиялық мақсаты - Times Higher Education World University Rankings негізгі рейтингіне ену және әлемдік академиялық кеңістіктегі өз позициясын одан әрі нығайту.