Халықаралық академиялық ынтымақтастық аясында Ualikhanov University-ге Германияның Гельмгольц атындағы Дрезден-Россендорф ғылыми орталығының (HZDR) құрамындағы Фрайберг ресурстық технологиялар институтының (HIF) минералдық шикізатты өңдеу және қайта өңдеу бөлімінің жетекшісі, доктор Мартин Рудольф келді.
Мартин Рудольф – пайдалы қазбаларды байыту, минералдық шикізатты өңдеу және қайта өңдеу саласында халықаралық тәжірибесі бар ғалым. Оның ғылыми зерттеулері табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және өнеркәсіптің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған заманауи технологияларды әзірлеумен байланысты.
Академиялық сапар барысында шетелдік ғалым Ualikhanov University Агротехникалық институтының студенттеріне дәрістер топтамасын өткізді. Дәрістер барысында білім алушылар тау-кен ісі мен минералдық шикізатты өңдеу саласындағы заманауи ғылыми жетістіктермен және халықаралық тәжірибемен танысты.
Пайдалы қазбаларды өңдеудің инновациялық әдістеріне, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, экологиялық тиімді технологияларды енгізуге және тұйық циклді экономика жағдайында тау-кен өнеркәсібін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Шетелдік ғалымның дәрістері студенттердің кәсіби білімін тереңдетуге, халықаралық ғылыми зерттеулердің өзекті бағыттарымен және тау-кен өнеркәсібіндегі жаңа технологиялық шешімдермен танысуына мүмкіндік берді. Минералдық ресурстарға бай Қазақстан үшін аталған бағыттардың ғылыми және практикалық маңызы зор.
Сонымен қатар Мартин Рудольф «Ғылым және бизнес: өндірістегі инновациялар» тақырыбында өткен «Смағұл Сәдуақасұлы оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, минералдық шикізатты өңдеу және механикалық қайта өңдеу технологияларының тұйық циклді экономикадағы рөліне арналған баяндама жасады.
Шетелдік ғалымдарды білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісіне тарту – Ualikhanov University-дің халықаралық академиялық ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі. Мұндай академиялық сапарлар озық ғылыми тәжірибені оқу үдерісіне енгізуге, болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға және шетелдік ғылыми орталықтармен кәсіби байланысты нығайтуға ықпал етеді.