Бүгін Ualikhanov University-де Мансап орталығының ұйымдастыруымен төртінші курс студенттері және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік қызметтегі мансап: мүмкіндіктер мен перспективалар» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.
Кездесуге Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Құмпекеев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева, сондай-ақ өңірдің сот жүйесінің өкілдері қатысты.
Іс-шараның негізгі тақырыбы – жас мамандардың мемлекеттік қызметке орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктері. Пікірталас барысында мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар, қажетті кәсіби құзыреттер мен мансаптық өсу жолдары талқыланды.
Кездесуге қатысқан Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Құмпекеевтің өзі де Ualikhanov University түлегі. Ол сондай-ақ М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алып, «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы бойынша оқыған. Оның кәсіби жолы студенттер үшін жоғары білім мен үздіксіз ізденістің мансаптық дамудағы маңызын көрсететін нақты мысал болды.
Панельдік пікірталас барысында мемлекеттік органдардың өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік сектордағы жұмыстың ерекшеліктері, еңбек жолын бастау және кәсіби тұрғыдан қалыптасу мәселелері бойынша болашақ түлектерге практикалық кеңестер берді.
Кездесудің «Ашық микрофон» бөлімінде студенттер спикерлерге тікелей сұрақтар қойып, жұмысқа орналасу, конкурстық іріктеу, кәсіби талаптар мен қызметтік өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Мұндай кездесулер университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңінен танып-білуіне және болашақ кәсіби бағытын айқындауына ықпал етеді.