2026 жылғы 20 қарашада Ualikhanov University-де Смағұл Сәдуақасұлы атындағы Агротехникалық институттың ұйымдастыруымен «Смағұл Сәдуақасұлы оқулары» аясында «Ғылым және бизнес: өндірістегі инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция басталар алдында Смағұл Сәдуақасұлы атындағы Агротехникалық институттың алдындағы қайраткер ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен конференция қатысушылары Смағұл Сәдуақасұлының рухына тағзым етіп, оның ел дамуына қосқан елеулі үлесін құрметпен еске алды.
Конференцияның негізгі мақсаты – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық өнеркәсіп пен білім беру ісінің дамуына елеулі үлес қосқан Смағұл Сәдуақасұлының тарихи мұрасын дәріптеу, оның экономикалық даму жөніндегі идеяларын қазіргі ғылыми-технологиялық өзгерістермен сабақтастыру, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың түрлі салаларында қолдану мүмкіндіктерін талқылау.
Конференцияны Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол Смағұл Сәдуақасұлының білім, ғылым және ұлттық өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесіне тоқталып, оның идеяларының бүгінгі күні де өзекті екенін атап өтті. Сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, ғылыми жаңалықтарды тәжірибеге енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне назар аударды.
Ғылыми жиынға Қазақстан, Германия, Түркия, Эфиопия және басқа да елдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты.
Пленарлық отырыста Германиядан Мартин Рудольф, Түркиядан Октай Шахбаз, Эфиопиядан Йоханнес Дугума, сондай-ақ отандық ғалымдар Әбілжан Хусаинов, Жанмырза Нұрмағанбетов, Ақылбек Бейсеков, Ғалымтай Төлепбергенов және Айдын Сабитов баяндама жасады.
Олар тау-кен өндірісі мен минералдық шикізатты өңдеудегі инновациялар, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, өндірістік қалдықтарды қайта пайдалану, жасанды интеллект, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және Смағұл Сәдуақасұлының тарихи мұрасы мәселелерін қарастырды.
Конференция жұмысы төрт ғылыми бағыт бойынша секциялық отырыстармен жалғасты. Атап айтқанда, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары; ауыл шаруашылығы және биоресурстар; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; экология және табиғатты пайдалану экономикасы бағыттарында ғылыми зерттеулер ұсынылды.
Секциялық отырыстарда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды өндірістік процестерге енгізу, құрылыс саласындағы инновациялық шешімдер, ауыл шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолдану, топырақ құнарлылығын сақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Халықаралық конференция отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми тәжірибе алмасуына, өзекті зерттеу бағыттарын талқылауына және академиялық байланыстарды нығайтуына мүмкіндік берді.
«Смағұл Сәдуақасұлы оқулары» ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын дамытуға, ғылыми зерттеулердің практикалық маңызын арттыруға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды ғылыми алаң болды.