Ualikhanov University-де жаңа оқу жылының жарқын бастауына айналған дәстүрлі Shoqan Fest студенттік фестивалі өтті.

Фестиваль бағдарламасы студенттік клубтардың таныстырылымдарын, шығармашылық және спорттық белсенділіктерді, театр қойылымдарын, жанды музыка мен интерактивті алаңдарды қамтыды. Студенттер университеттің қоғамдық, шығармашылық және спорттық өміріне араласудың түрлі мүмкіндіктерімен танысып, өз қызығушылықтарына сай клубтарды таңдап, жаңа бастамаларға қосылуға мүмкіндік алды.

Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі - Ice Cream Party болды. Қатысушыларға балмұздақ таратылып, бұл алаң еркін әңгімелесуге, жаңа таныстықтар орнатуға және достармен бірге жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік берді.

Shoqan Fest - тек ойын-сауық шарасы емес. Бұл - әртүрлі курс пен білім беру бағдарламаларының студенттерін бір ортаға жинап, өз қабілеттерін көрсетуге, идеяларымен бөлісуге, пікірлес жандарды табуға және университет қауымдастығының белсенді мүшесі болуға мүмкіндік беретін алаң.

Фестиваль open-air дискотекамен жалғасты. Музыка мен би Shoqan Fest-тің жарқын қорытындысына айналып, студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Фестивальдің өтуіне атсалысқан студенттік клубтарға, ұйымдастырушыларға, еріктілерге және барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз!

Сондай-ақ Shoqan Fest фестиваліне қолдау көрсетіп, Ice Cream Party ұйымдастыруға атсалысқан серіктестеріміз – Ақмола облысы жастар - ресурстық орталығы мен «Гормолзавод» ЖШС-не ерекше алғыс білдіреміз.

Жаңа оқу жылы жаңа идеяларға, жарқын жобаларға, жақсы таныстықтар мен үлкен жетістіктерге толы болсын!