2026 жылғы 8 маусымда Ualikhanov University-дің «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешені базасында Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының (ҚКУҚ) алғашқы Жазғы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жазғы мектептің ашылуында қатысушыларға Ualikhanov University-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қайыржанұлы Қапышев пен Үздіксіз білім беру институтының директоры Айнұр Таласбекқызы Шукеева ізгі тілектерін білдірді.

Іс-шараның құрметті қонағы – Сандықтау аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы Бақытжамал Мұшанқызы Сейтжанова белсенді ұзақ өмір сүруді қолдауға және өмір бойы білім алу мәдениетін дамытуға бағытталған мұндай бастамалардың қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Жазғы мектепке Қазақстанның алты жоғары оқу орнынан және Көкшетау қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан келген 33 тыңдаушы қатысуда.

Бір апта бойы қатысушылар денсаулық сақтау, шығармашылық, цифрлық сауаттылық, психология, дене белсенділігі және тұлғалық даму бағыттары бойынша ұйымдастырылған 9 білім беру курсын меңгеруге мүмкіндік алады. Бағдарлама аясында тәжірибе алмасуға, жаңа таныстықтар орнатуға және белсенді ұзақ өмір сүру қағидаттарын насихаттауға бағытталған мәдени-танымдық және бос уақыт іс-шаралары да ұйымдастырылған.

Жазғы мектептің шақырылған спикерлері қатарында Ualikhanov University, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Торайғыров университетінің оқытушылары бар.

Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының Жазғы мектебі өмір бойы білім алу мәдениетін дамытуға, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және елімізде белсенді әрі сапалы ұзақ өмір сүру құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналмақ.