Бүгін Ualikhanov University-де қазақтың белгілі аудармашысы, публицист, әдебиеттанушы және қоғам қайраткері Герольд Карлович Бельгердің туғанына 90 жыл толуына орай "Атыңды есте сақта…" атты байқау өтті. Шараны жалпы тіл білімі және әдебиет кафедрасы ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – достас екі мемлекет – Қазақстан мен Германияның мәдени және әлеуметтік өмірін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Герольд Бельгердің әдеби мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау.

Байқау аясында қатысушылар өздерінің шығармашылық және әдеби шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Олар өз ойлары мен эмоцияларын білдіре отырып, "Атыңды есте сақта…" тақырыбын қозғаған төл өлеңдерін оқыды. Қатысушылар сонымен қатар Герольд Бельгер шығармаларының қазіргі қоғамға әсерін қарастырған эссе жазды. Байқаудың қызықты тұстарының бірі Бельгер шығармаларынан үзінділерді басқа тілдерге аудару болды, бұл қатысушылардың аудармашылық шеберлігін және әртүрлі тілдерді мәдени түсінуін көрсетуге мүмкіндік берді.

Бұл байқау қатысушылар үшін шығармашылық даралығын көрсетуге, Герольд Бельгердің әдеби мұрасы туралы білімдерін тереңдетуге және тіл мен аударма саласындағы дағдыларын дамытуға тамаша мүмкіндік болды. Барлық қатысушыларға ынта-жігері, таланты және өзін-өзі көрсетуге деген ұмтылысы үшін алғыс айтамыз!