Ualikhanov University-де Practical Trainee Triesdorf-Kasachstan халықаралық жобасына қатысушылардың кездесуі өтті. Оған университет басшылығы, жоба үйлестірушісі, студенттер және серіктес компаниялар - CT Agro және BHK Agro өкілдері қатысты. Кездесудің мақсаты - студенттердің Германиядағы оқу және практикалық даярлық нәтижелерін қорытындылау, тәжірибе алмасу, сондай-ақ университет пен жұмыс беруші компаниялар арасындағы алдағы ынтымақтастықты талқылау.

Жобаға Ualikhanov University Агротехникалық институтның студенттері Рахат Естаулетов, Андрей Утков, Санат Омиржан және Евгений Мелешенко қатысты. Кездесу барысында олар Германияда өткен оқу мен практикалық даярлық, меңгерген кәсіби дағдылары және халықаралық ортада жинақтаған тәжірибесі туралы айтып берді.

Жоба үйлестірушісі Магираш Шаримова бағдарламаның негізгі кезеңдерін, міндеттері мен іске асырылу нәтижелерін таныстырды. Жоғары курс студенттеріне арналған Practical Trainee Triesdorf-Kasachstan академиялық білім мен практикалық даярлықты ұштастырады. Бағдарлама Германияда ағылшын тілінде төрт ай білім алуды, жұмыс беруші базасында төрт ай тәжірибеден өтуді және екі айлық онлайн-семинарларды қамтиды. Бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушылар Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінің (HSWT) сертификатын алады.

Бағдарламаның негізгі кезеңдерінің бірі Германияда өтеді. Студенттер Бавариядағы Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінің (HSWT) Триздорф кампусында білім алып, теориялық және практикалық сабақтарға қатысады, өндірістік үдерістермен танысып, менторлармен жұмыс істейді.

Германиядан оралғаннан кейін жоба қатысушылары практикалық даярлығын Қазақстанда CT Agro және BHK Agro компанияларында жалғастыруда. Оқу аяқталып, диплом алғаннан кейін студенттер осы компанияларда кәсіби қызметін жалғастырады. Осылайша бағдарлама болашақ маманды даярлаудың бірізді траекториясын қалыптастырады: университеттегі білім мен халықаралық тәжірибеден - жұмыс беруші базасындағы практикаға және мамандық бойынша еңбек жолын бастауға дейін.

Жобаның жұмыс беруші серіктестері - CT Agro және BHK Agro. Компаниялар заманауи ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге, енгізуге және сервистік қызмет көрсетуге маманданған әрі Қазақстанда әлемнің жетекші агротехнологиялық брендтерін ұсынады. Сонымен қатар компаниялар студенттердің халықаралық бағдарламаға қатысуына қаржылық қолдау көрсетіп, олардың Германияда болуы мен бағдарламадан өтуіне байланысты шығындарды қамтамасыз етті.

Биыл жоба Ualikhanov University, Kozybaev University және Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетін (HSWT) біріктірді.

Аграрлық сектор Ақмола облысының экономикасында маңызды орын алады. Сондықтан салаға заманауи өндіріс талаптарын меңгерген, практикалық және халықаралық тәжірибесі бар білікті мамандар даярлау өңір үшін ерекше маңызға ие. Университеттің профильдік компаниялармен тікелей ынтымақтастығы мамандарды даярлау барысында жұмыс берушілердің нақты сұранысын ескеруге және еңбек нарығына қажетті кәсіби құзыреттерді студент кезінен қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында CT Agro және BHK Agro өкілдері Ualikhanov University студенттерінің даярлық деңгейіне жоғары баға берді. Сондай-ақ тараптар жобаны одан әрі дамыту және университет пен серіктес компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Practical Trainee Triesdorf-Kasachstan - өңірлік университет, халықаралық академиялық серіктес және нақты сектор арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың үлгісі. Мұндай формат академиялық білімді, халықаралық тәжірибе мен практикалық даярлықты ұштастырып, өңір мен саланың нақты кадрлық қажеттіліктеріне сай мамандар даярлауға және олардың оқу аяқталғаннан кейін өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастауына мүмкіндік береді.