Ualikhanov University-де дәстүрлі «Шоқан оқулары» халықаралық ғылыми конференциясының мерейтойлық, отызыншы отырысы өтті. Ауқымды ғылыми іс-шара отандық және шетелдік ғалымдарды бір алаңға жинады.

Дәстүр бойынша конференция ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың университет алдындағы бюстіне гүл шоғын қою рәсімімен ашылды. Бұл тағылымды сәт ғалым мұрасына деген құрметтің және ғылыми сабақтастықтың айқын көрінісіне айналды.

Үш онжылдық ішінде «Шоқан оқулары» ғылыми қауымдастықты біріктіретін, білім мен ғылымның дамуына серпін беретін беделді алаң ретінде қалыптасты. Конференция кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп келеді.

Биылғы конференция «Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым мен білімнің жаңа көкжиектері» тақырыбы аясында өтті. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларын білім беру мен ғылымға енгізудің өзекті мәселелерін, жаңа тәсілдер мен даму бағыттарын кеңінен талқылады.

Конференция жұмысына Қазақстанның әр өңірінен келген ғалымдармен қатар, Канада, Эстония, Польша, Башқұртстан және Украина елдерінен келген профессорлар мен сарапшылар қатысты. Сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері белсенді қатысып, халықаралық ғылыми диалогтың ауқымын кеңейтті.

Спикерлер қатарында Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Ержан Мағжан Қайратұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Құралай Күдеринова, Назарбаев Университеті жанындағы Зияткерлік жүйелер және жасанды интеллект институтының атқарушы директоры Ербол Әбсалямов, Эстония жаратылыстану ғылымдары университетінің Орман шаруашылығы және инженерия институтының директоры Марек Метслайд, Канададағы Саймон Фрейзер университетінің инклюзивті білім беру бойынша қауымдастырылған профессоры Роберт Ли Уильямсон және басқа да сарапшылар болды.

Баяндамашылар өз сөздерінде жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесімен бөлісіп, осы бағыттағы негізгі үрдістер мен өзекті мәселелерге тоқталды.

«Шоқан оқулары» конференциясы - жылдан жылға үзілмей жалғасып келе жатқан ғылыми сабақтастықтың жарқын көрінісі. Бүгінде ол еліміз бен әлем ғалымдарын тоғыстыратын беделді халықаралық алаңға айналып отыр.