Ualikhanov University-де республикалық Киберқауіпсіздік айлығы аясында ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, профессорлық-оқытушылық құрам мен әкімшілік қызметкерлері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру, ақпараттық қауіптердің алдын алу және корпоративтік әрі дербес деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында университеттің ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маманы қатысушыларды Ақпараттық қауіпсіздік саясатының негізгі талаптарымен және ішкі регламенттермен таныстырды. Атап айтқанда, қызметтік құжаттармен жұмыс істеу тәртібі, оның ішінде «Қызмет бабында пайдалану үшін» және «Құпия» санаттарына жататын ақпаратты сақтау мен өңдеу ережелері түсіндірілді.
Сонымен қатар корпоративтік байланыс арналарын пайдалану, дербес деректер мен қызметтік ақпаратты беру тәртібі қарастырылды. Жұмыс барысында бөгде сервистер мен мессенджерлерді пайдалануға қатысты шектеулерге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қауіпсіз қолдану, оның үшінші тұлғаларға бермеу және олардың сақталуына жеке жауапкершілікпен қарау талаптары еске салынды.
Семинарда жасанды интеллект технологияларын кәсіби қызметте қауіпсіз пайдалану мәселесі де қозғалды. Мамандар нейрожелілермен жұмыс істеу кезінде ақпараттың құпиялылығын сақтау, қызметтік мәліметтер мен дербес деректерді көпшілікке қолжетімді жасанды интеллект сервистеріне енгізбеу қажеттігін түсіндірді.
Мұндай іс-шаралар университетте ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, қызметкерлердің заманауи цифрлық қауіптер туралы хабардарлығын арттыруға және Қазақстан Республикасының ақпаратты қорғау саласындағы заңнамалық талаптарын сақтауға бағытталған.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Ualikhanov University-дің цифрлық трансформациясының маңызды бөлігі әрі әрбір қызметкердің ортақ жауапкершілігі.